Жаңалықтар
Өндірісте жұмыс істейтіндер ең тұрақты, табысты әрі болашағы зор кәсіпорындар ғана еңбек әулеттерінің пайда болуына ықпал ететінін біледі. Қарағанды құю-машина жасау зауытында мұндай әулеттердің саны қазіргі таңда 28-ді құрап отыр. Бүгінгі әңгімеміз солардың бірі жайында өрбімек.
Әкелі-балалы слесарь-жөндеушілер - Кумпандарды зауытта білмейтін адам жоқ, оларға бәрі аса құрметпен қарайды. Күрделі жабдықтан болмашы ақау шыға қалса, осы бір әулеттің кез келген мүшесі қол ұшын беруге дайын. Құдды бір дәрігер дерсің, тетікті мұқият қарап шығып, диагностика жүргізеді, темір «науқастың» «ауруының» себептерін анықтап, ебін тауып емдеп жібереді.
Әрине, отбасылық үштікте ең тәжірибелі әрі өз ісінің білгірі – әулеттің негізін қалаушы, 5-разрядтағы слесарь-жөндеуші Павел Кумпан. Павел Александровичтің ес біле бастағаннан-ақ күрделі тетіктерге әуестігі ауған. Ол мотордың неден жасалатынын біліп қана қоймай, оны жөндеуді үйренуге құштар болған. Бәлкім, мамандық таңдау мәселесі ол мектеп бітіргенге дейін шешіліп қоюы да содан болар. Кейінірек жас Республикамыздың қалыптасуы жолындағы дағдарысты жылдарда, өнеркәсіп қиын кезеңдерді бастан кешірген кездің өзінде де Павел Кумпан өзі таңдаған мамандығын өзгерткен емес.
- ҚҚМЗ-ға жұмысқа 2006 жылы келдім, - деп еске алады Павел Александрович. – Бұған дейін басқа зауытта слесарь болып жұмыс істедім, бірақ ол жердегі жұмыс жағдайы көңілімнен шықпады. Әр іспен айналысуыма тура келді, бірақ бар ойым өз мамандығым бойынша жұмыс істеу болды. Сондықтан осы зауытқа келдім.
Әңгімелесуден өтіп, ҚҚМЗ-ға жұмысқа орналасқаннан кейін, Павел Кумпан өзіне тән сұңғылалығымен тез арада шешім қабылдамай, біраз уақыт бойы жаңа жұмыс орны өзіне лайықты ма, жоқ па деп, елеп-екшеп өзінің ой елегінен өткізді. Алты ай өткенде ғана бұл жұмыс өзіне қажет екенін түсінді!
- Ең алдымен, ҚҚМЗ-да адамдарға және жұмысқа деген қарым-қатынас маған ерекше ұнады, - деп ағынан жарылды әулет басшысы. – Бұл жерде еңбек жағдайы өте жақсы, жалақы да тұрақты. Ең бастысы – біз мамандығымыз бойынша жұмыс жасап, өз ісімізбен айналысамыз. Әрине, бастапқыда өндірісті жаңғырту басталған кезде, біраз абдырап қалдым – мен мұндай білдектерді ешқашан көрмегенмін және оларды қалай жөндейтінімді көз алдыма елестете алмадым. Бірақ зауыт басшылығы алдын ала бәрін ойластырған екен. Цехтарда барынша жаңа заманауи жабдықтар орнатыла бастаған мезетте-ақ бізді Чехиядан, Италиядан келген мамандар оларды қалай басқару керек екенін оқытып, үйретті.
Слесарь-жөндеушінің айтуына қарағанда, оған оқу жеңіл болғанға ұқсайды. Шетелдік «ұстаздарды» түсінуге аудармашылармен қоса, оның тәжірибесі мен зеректігі көмектесті. Көп ұзамай, бастапқыда жүрексіну мен қорқыныш тудырған цифрлық бағдарламалық жасақтамасы бар заманауи білдектерді «емдеу», Павел Александровичтің кез келген басқа тетікті жөндеу сияқты әдепкі ісіне айналған.
- Әрине, жақсы слесарь-жөндеуші болу үшін білімнің ғана болуы аздық етеді, - деп есептейді ол. – Ептілік, шеберлік және өз ісіңізге деген сүйіспеншілік қажет. Иә, айта берсек көп нәрсе керек.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі генетикалық немесе әлеуметтік қасиеттер, бірақ Павел Кумпан өз ұлдарына осы қасиеттерді бере білді.
- Ұлдарым өсе келе мен олардың бойынан механикаға деген қызығушылықты байқадым. Олар велосипедті, әртүрлі заттардың моторларын, кейінірек мотоциклді шұқылап, жөндеп жүрді. Олар қажет болғанда менен көмек сұрады, мен оларға не істеу керектігін айттым. Әрине, Максим мен Ильяның өз ізімді басуын іштей армандадым, бірақ мен оларға мамандық таңдауда ешқашан да қысым жасамадым. Олар өз таңдауын жасады.
Максим Кумпан қазір 31 жаста, ал соның 14-ін ҚҚМЗ-да еңбек етуге арнады, ол бұған еш өкінбейді.
- Мектепті бітіргеннен кейін мен бірден осы зауытқа шәкірт болып орналастым, - деп еске алады Максим - Ол кезде мен небәрі 18 жаста едім. Оқу комбинатында үш айлық оқудан өтіп, 2-разряд алып, зауытта еңбек еттім. Шамамен үш жылдай тәжірибе жинақтағаннан кейін 3-разряд алу үшін өтініш жазып, оқу комбинатына оқуға кеттім.
3-разрядтағы слесарь-жөндеуші болғаннан кейін, Максим өзін сенімдірек сезінгенін жасырмайды, өйткені ол біршама қиын жұмыстарды меңгеретін болды. Бір жарым жылдан кейін ол тағы бір биікті бағындыра алатын күші барын сезініп, тағы да разряд көтеру туралы өтініш жазды.
- 4-разрядты алғаннан кейін, престерді, ұста балғаларын және т.б. жөндей бастадым. Жаңа разрядты меңгеріп алған соң кезекті биікті көп күткен жоқпын, шамамен бір жылдан кейін 5-разряд алдым. Енді мен ең күрделі заманауи білдектерді жөндей аламын. Бұл жағынан маған оңайырақ, өйткені әкем әрдайым кеңес беріп, көмектесіп тұрады. Жөндеу учаскесіне жұмысқа келген кезімде мұнда білікті, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар көп еді. Мен олардан көп нәрсені үйреніп, біліп алуға тырыстым. Қазір олардың көбі зейнетке шықты, бірақ мен әрқашан жауапкершілікті сезінемін, өйткені мен олардың орнын басушы екенімді түсінемін.
Кумпандар отбасының кішісі Ильяның слесарь-жөндеуші болу шешімі алдын ала белгілі болса да, әкесі мен ағасы оны мақтаныш сезіммен қабылдады.
- Қандай мамандықты таңдауым керек деген сұрақ туындаған кезде, ең алдымен, әкеммен кеңесуді шештім, - деп өз ойымен бөлісті Илья. – Ол кезде әкем мен үлкен ағам ҚҚМЗ-да бірге еңбек етіп жүрген, сондықтан олар өз кәсібінің артықшылықтары туралы айтып берді. Мен өз алдыма - олардың ізімен жүріп қана қоймай, олар еңбек етіп жатқан кәсіпорында эстафетаны алу мақсатын қойып, № 15 кәсіптік лицейге құжат тапсырдым.
Жігіттің табандылығы оның алға қойған мақсатына жетуге көмектесті. Ол оқуға түсіп, өзінің алғашқы еңбек тәжірибесін Қарағанды құю-машина жасау зауытында өткізді. Оның алғашқы тәлімгері әкесі болды.
- Мен алғашқы тәжірибемді әкемнің тәлімгерлігімен алғаным үшін оған деген алғысым шексіз, ол маған барын салып үйретті, - деп мойындайды Илья. - Бірақ, оқу орнын бітіргеннен кейін мен ҚҚМЗ-ға жұмысқа тұра алмадым, еңбек жолымды басқа зауытта бастауыма тура келді.
Бірақ Илья бұл үшін мұқалмады, қайта тәжірибе жинақтап, үш жылдан кейін өз мақсатына жетті – ол ҚҚМЗ-ға жұмысқа орналасты.
- Бірден № 1 цехқа слесарь-жөндеуші болып жұмысқа кірістім, бұл цехта ең күрделі, заманауи, цифрлық бағдарламалық жабдықтамасы бар білдектер бар. Әрине, басында қорқынышты болып көрінді, өйткені мен мұндай білдектерді бұрын-соңды көрген емес едім. Бірақ маған кеңес беретін, жәрдемдесетін жандар бар екені қанаттандыра түсті.
Көзді ашып-жұмғанша төрт жыл өтіп кетіпті, бүгінде 27 жастағы Илья зауытта әкесі мен ағасы сияқты сұранысқа ие мамандардың қатарында. Бірақ кіші Кумпан жұмыста да, өмірде де әрқашан екеуінің пікірін тыңдайды.
- Кейде біздің пікірлеріміз қайшы келіп, келіспей жатқан тұста, мен – «Үлкеннің айтқаны - әрқашан да дұрыс» деген қағидатты ұстанамын, - деп күледі ол.
Кумпандар әулеті туғанындай болып кеткен ҚҚМЗ оларды кәсіби тұрғыдан өсіріп, тұрақты жоғары табыс беріп қана қоймай, олардың таланттарының ашылуына барынша мол мүмкіндік бергенін мойындап отыр.
- Зауытта әр жұмыскердің жеке басының үйлесімді дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған, - деп атап өтті Павел Александрович, Максим және Илья. – Әртүрлі байқаулар, спорттық және мәдени іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады.
Жұмыстан бос уақытында Максим мен Илья Түнгі хоккей лигасында ойнайды. Ал Павел Александрович бос уақытын аң аулауға, балық аулауға арнайды екен. Барлығы бірге слесарьлар байқауына қатысады.
Үйде жігіттер өз білімдерін анасына көмектесуге жұмсайды – олар ұсақ-түйек тұрмыстық техниканы жөндеп, үй шаруашылығына көмектеседі.
- Біз алмаған жалғыз қамалымыз бар, ол – отбасын құру, - деп күледі Максим мен Илья. - Бірақ бәрі алда. Әлі-ақ үйленіп, балалы-шағалы боламыз. Әрине, біздің әулетіміз өсіп, дамығанын қалаймыз.
Лариса ЧЕН
Сурет Алексей БАРАНОВТІКІ