Қазақстандағы ірі мыс өндіруші-«Қазақмыс» корпорациясы кенеусіз сульфидті мыс кеніндегі концентраттарды қайта өңдеу бойынша инновациялық технологияларды өнеркәсіптік сынақ-тәжірибеден өткізуді бастады. Гидрометаллургияны енгізу шикізат базасын толықтырып, Жезқазған аумағының өндірістік қызметін 50 жылдан астам уақытқа ұзартуға сеп болады және мыс құрамы аз кен орнын байытуға мүмкіндік береді.
Бүгінде компания ғылыми-зерттеу және зертханалық сынақ жұмыстарын толық аяқтады. 2017 жылдың тамыз айында, Жезқазған мыс балқыту зауытының аумағында гидрометаллургиялық тәжірибелік-сынақ алаңы салынып, тексерістен өтті. Нәтижесінде катодты мыс шығаруға болатыны дәлелденді.
Гидрометаллургия қолданыстағы технология-пирометаллургиямен қатар енгізілетін болады. Жезқазған мыс балқыту зауытына шикізат перспективалық кен орындары-Жыланды тобынан және Жаман-Айбаттың екінші кезегінен жеткізіледі.
80 жыл бойы Жезқазған аумағындағы кен орындарын игеру кезінде 1млрд.тоннаға жуық кен алынды. Минералды-шикізаттық қордың азаюы –заңды құбылыс. Соған қарамастан, компанияның геологиялық қызметінің мәліметінше тағы 1 млрд.тоннаға жуық барланған мыс кендері анықталып отыр. Бірақ, оларды қазіргі таңда қолданыстағы дәстүрлі технологиямен қайта өңдеу тиімсіз. Мұндай кендерді қайта өңдеу үшін болашақта Жезқазғанда ірі гидрометаллургиялық зауыт салынады.
-Аталған технология–инновациялық, болашақтың технологиясы. Біз үлкен зауытты салмас бұрын, барлық мүмкіндіктеріміз бен өндірістік тәуекелдерімізді есептеп алуымыз керек.
Біз, өнімділігі жағынан әртүрлі екі гидрометаллургиялық зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Біріншісі, тәжірибелік, жылына 43 800 тонна мыс концентратын шығарады. Құрылысы аяқталған соң, 2020 жылдың қаңтар айында іске қосу жоспарланған. Ол үшін «Қазақмыс» 40 млн АҚШ долларына жуық қаражат бөледі.
Алдағы жоспарымызда тәжірибелік зауыттан оң нәтижеге жеткен соң ірі гидрометаллургиялық зауыт құрылысының жобасын әзірлеуді бастаймыз. Оның мыс концентратын өндіру қуаты жылына 649 200 тонна, барлық шығыны 350 млн доллардан астам, құрылысы 2024-2027 жылдары басталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, «КазГидроМедь» ЖШС -мен бірлесіп, Жезқазған байыту фабрикасында жиналып қалған 850 млн тоннадан астам өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің инновациялық технологиясын жасап шықтық. Мұның барлығы Жезқазған өңірінің минералды-шикізат базасын толтыру үшін жасалып жатыр,-деп түсіндірді «ОГЗ құрылыс» жобасының жетекшісі Владимир Кириллов.